БАЯНДАМА "ДАЛАНЫҢ АЛЫП ҚОҢЫРАУЫ"
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Байзақ ауданы білім бөлімінің
МКҚК «Астана» бөбекжай-бақшасы
Тәрбиеші: Тайпакова Айгуль Бекетовна
Тақырыбы: «Ыбырай Алтынсарин-Даланың алып қоңырауы»
Әр заман, тарихи әр кезең әлеуметтік құбылыстар өзінің дарынды өкілдерін жарыққа шығарып отыратыны мәлім. Олар елдің мұң – мұқтажын көре біліп, халқының сол мұқтажына перзенттік махаббатын арнаған, туған халқының игілігі үшін бар күш жігерін жұмсаған ардақты азамат ретінде халық тарихынан орын алып отырған. Қазақ халқының тарихында аса көрнекті орын алған сондай тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халқымыздың теңіздей толқып тасыған інжу – маржан жылдарын жақсы біліп, еңбектер жазған ғұлама. Бірақ оның атын атағанда ең алдымен ойға келетін «дала қоңырауы» деген сөз.
Әдебиет сахнасынан, ағарту саласынан ойып орын алатын Ы.Алтынсарин ұлы дала ұландарына білімнің нәрін берген ұстаз ретінде есте сақталған ұлы тұлға. Ыбырай қысқа өмірін өзі жан -тәнімен сүйген халқының бақытты болуы үшін ауадай қажет білім беру, мектеп ашу сияқты шарапаты мол зиялы іске арнады. Қараңғы түнекте қамалған халқын надандықтан құтқарып, көзін ашу, ағарту оның мәңгілік арман – мұраты болды. Қоңыраудай сыңғырлап, білім үйренуге шақырды.
Ең бастысы, Ыбырай ұлтын жан-тәнімен сүйген ұлтжанды азамат деп санаймыз. Он тоғыз жасында–ақ игі іске жол бастаған жігерлі жас болды. Оның жігерін жаныған қараңғыда қамалған қазағының надандығы еді. Қазақ даласында мектеп ашу ісі оңай болмағаны рас. Өкімет пен жергілікті биліктің кедергісіне ұшырай жүріп, тұңғыш қазақ мектебін ашты. Қазақтың даласында «Дала қоңырауы» сыңғырлады. Ұлы ағартушының жүректілігі Мәңгілік елімізді өркендету үшін қызмет атқарып жүрген азаматтарға үлгі боларлықтай.
Ыбырай өмірінің соңғы минутына шейін ұстаз болып, талай жаңалықтың жаршысы болды. Инспекторлық қызметті атқара жүріп, облыс, уез орталықтарында училищелер ашты. Ырғыздағы ашылған қыздар мектебі мен Омскіде тұңғыш мұғалімдер мектебі де осының айғағы. Торғайда тұңғыш ашылған қолөнер мектебінің жұмысын алға бастыру да оңайға соққан жоқ. Құдды Ыбырай дәуірі қайта жаңғырып, қайта оралғандай. Қазіргі еңбек нарығы талаптарына сай, түрлі салада қызмет көрсете алатын мамандық иелеріне сұраныс артуда. Иә, ұлы Алтынсарин негізін қалаған кәсіптік білім беру ісі бүгін де лайықты жалғасын тауып, жандана түсуде.
Алтынсарин - әрі педагог, әрі ақын, әрі жазушы, әрі аудармашы және публицист. Әдебиет саласандағы негізгі еңбегі балаларға арналған.
Алтынсарин – балалар әдебиетінің атасы.
Ыбырай Алтынсарин – бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға. Ол өзінің ағартушылық, педагогтік, ақын-жазушылық тарихи қызметі мен зор талантын, жан-жақты терең білімі мен қайрат-жігерін елдің «желкілдеп өскен көк шөптей» жас ұрпағын оқытып, тәрбиелеуге, қазақ жерінде жаңа үлгідегі мектептер ашып, оқушыларды өз кезінің озық ғылымымен қаруландыруға, кәсіп түрлеріне үйретуге арнаған.
Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді, сөйтіп, туған халқының мақтан тұтатын ардақтысына айналды.
Ауыр заманда білім алып, ат жалын тартып мінгенсін-ақ Ыбырай Алтынсарин білім ұранын көтерді. Елді қорлықтан құтқаратын, игілікке бастайтын тек білім деп есептеді. Сондықтан ол қазақ даласында мектеп ашу мәселесін алға қояды. Оған 1860 жылы Орынборда мектеп ашуға рұқсат етіледі. Алайда әртүрлі мәселелерге байланысты ол мектеп Орынборда ашылмай қалады. Бірақ бір жылдан кейін яғни 1861 жылы Торғай қаласында мектеп ашылып, Ыбырай Алтынсарин сол мектепке мұғалім болып барады. Және ол қазақтан шыққан тұңғыш мұғалім.
Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы «Қазақ христоматиясы» ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңмен ашылды. Ақын бұл өлеңдерде өз кезінде «Сөз басы» деген атпен алған. Қазір бұл өлеңдер «Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар» деген атаулармен мәлім. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларын да оқу-білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті. Оқу білімнен кенже тұрған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін, әсерін терең сезінді, сенді. Қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрлерін игеруге, бойға сіңіруге шақырды. «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде сол тұстағы ғылым мен техниканың ең басты жаңалықтары толық қамтылып, өнер мен білімге қолы жеткен халықтың экономикалық жағынан озықтығын әр салада көрсетеді. Мәселен, «сарай салғызды», «құстай ұшу», «балықтай жүзу», т.б.
Оның шығармаларынан жазушының биік адамгершілік қасиетін, азаматтық тұлғасын көреміз, сүйсінеміз. Және оның жазғандарын оқи отырып, қазіргі күнде де өнер-білімге талпынуға тырысамыз. Себебі ол бізді оқуға құштар етеді. Демек ол мәңгілікке қазақтың «дала қоңырауы» болып қала бермек.
Бүкіл қазақ жұртына білімнің, ізгіліктің нұрын шашып, өлмейтін, өшпейтін мұра қалдырған Ыбырай Алтынсарин – парасат пен пайымның, ұлылық пен ұлағаттың дәнегіндей тұлға болып қанша ғасыр өтсе де қазақ жадында қала бермек.
Қорытындылай келе, мектеп ашу ісі оңай болмады, талай қиындық кешті. Сол қиындыққа төтеп берген Ыбырай Алтынсарин атамызға мың алғыс айтқым келеді. Қазіргі кезде Елбасымыздың жүз нақты қадам даму жолында білім беруге ерекше мән беріп отыр. Сол кездегі Ыбырайдың мектепті ашу ісі, қазірде осылай жалғасын тауып жатыр.
Әдебиеттер:
- Ы.Алтынсарин Таңдамалы педагогикалық мұралары. Алматы, Рауан 1991ж
- Ы. Алтынсарин «Кел , балалар ,оқылық!» Атамұра 2006ж